«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен өткен шара мақсаты – ЖОО мен ОКОО-ның түлектері, Астана қаласының жастары арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, еңбек жолын бастамақшы жастардың, тәжірибесі бар жас мамандарды өнімді жұмыспен қамту.
Бос орындар жәрмеңкесіне қаланың BI Group, Rocket project, Нұрбанк, «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті сияқты 30-дан астам жетекші компаниялары мен кәсіпорындары қатысты.
Жәрмеңкеде жұмыс іздеуші жас азаматтарға экономист, дизайнер, менеджер сынды 100-ден аса бос жұмыс орны ұсынылған болатын.
Жәрмеңке ұйымдастырушылары мұндай шаралардың жұмыс іздеп жүрген жас азаматтарға да, оқуын тәмамдағалы отырған түлектерге де тиер пайдасы зор екендігін атап өтеді.
«Бұл – елорда жастары үшін өздері қалаған салада бос жұмыс орындарын зерттеп, бірнеше жұмыс берушімен бір жерде тікелей сұхбаттаса алудың керемет мүмкіндігі.
Жәрмеңкені студенттер үшін өткізіп отырмыз. Қазақ технология және бизнес университетін де бекерден таңдаған жоқпыз. Себебі бүгін жұмыс берушілер ұсынып отырған бос жұмыс орындары ЖОО-да оқытылатын мамандықтарға сай келеді. Жәрмеңкеге қатысып отырған кәсіпкерлер көбіне ІТ технолог, дизайнер секілді мамандық иелерін іздеп келген. Осылайша студенттер еңбек нарығын тәжірибе жүзінде зерттеп, өзінің маман ретіндегі «бағасын» анықтай алады»,– дейді «Астана жастар» жастар ресурстық орталығы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Айдана Мұсатаева.
Айта кетейік, «Астана жастары Жастар ресурстық орталығының 20 қадамы» жобасы Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында әзірленген.