Картоптың қымбаттауына кім кінәлі?

Дүйсенбі, 23 Қазан 2017 12:17
Картоптың қымбаттауына кім кінәлі?

Күзгі терімнен соң көкөніс арзандаудың орнына шарықтап кетті. Соның ішінде картоп бағасы тұрақтамай тұр. Бүгін бір топ журналист ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған пресс-тур аясында Астана базарларына барып, мұның себебін анықтады.

 

Картоптың бағасы қыркүйек айында 80-90 теңге болғанымен, қазан айында бірден 125 теңгеге қымбаттаған. Ал қыс мезгілінде картоптың бір келісі 300 теңге болуы мүмкін деген де болжам айтылып жатыр. Мұның себебі неде? Биыл диқандар аз өнім алды ма, жоқ әлде «қара түйнек» шетел асып жатыр ма? 

 

 

Бағаны не үшін көтергенін саудагердің өзі білмейді

 

Базарда сауда таң атпастан басталады. Ығы-жығы халықты көрмейсің. Себебі бұл жерде бөлшек сауда жоқ.

 

Өнімді Астанаға жүк тасушылар арқылы әкеліп сататын Дархан Амангелді бағаның не үшін көтерілетінінен хабарсыз. Ол қазір көтерме бағада картоптың келісін 90 теңгеден сатып жатқанын, үстінен 5 теңге ғана көретінін айтады. Бағаларды салыстырып көру үшін басқа да саудагерлерден сұрадық. «Мен қожайыны емеспін, менің билігім жүрмейді айтуға құқығым жоқ» дегенді де естідік.

 

 

Жанармайдың қымбаттауы да басты себептің бірі

 

Жүк тасушының айтуынша жанармай бағасының көтерілуі де бағаға әсер етіп жатыр.

 

«Бәрі өсіп жатыр. Камазбен тауар алып келеміз осында. Солярка қымбаттады. Жолға да шығын кетеді», - дейді ол.

 

Базарда байқағанымыздай нақты баға жоқ. Өнім бағасы жазылмаған. Саудагерлер қатып қалған бағаны ұстамайды, көтерме сауда болған соң саудаласады. Журналистерді көрген базар бақылаушысы «ценник» қойыңдар деп күнде айтамын ғой. Айгүл, «ценник» қоймайсың ба? Ержан, қой тез. Ербол, затыңа «ценник» қойшы», - деумен әлек. Айқаймен «ценник» қойылды. Сонымен картоптың келісі – 95 теңге.

 

 

Былтырға қарағанда биыл картоп бағасы қымбат - саудагер

 

Көтерме саудамен айналысатын Владимир Семенов картоптың келісін 95-105 теңге арасында сатады. Өнімді сапасына қарай бағалаймыз дейді.

 

«Менде Павлодардың картобы жоқ. Көкшетау мен Қостанайдыкі. Өздеріңіз көріп отырсыздар, біреуі ірі, біреуі майда. Адамдар майдасына қарағанда үлкенін сатып алады ғой. Үстінен 10-15 теңге көреміз. Әркім әртүрлі бағада сатады. Біреу 90 теңгеге, біреу 100 теңгеге. Былтырға қарағанда биыл баға қымбат», - деді ол.

 

Саудагерлерден ғана сұрамай, базардағы бағаны Ерсайын атты тұтынушыдан білдік. Ол 300 теңгеге көтерілді деген сөздің жалған екенін айтып отыр. Ең арзан баға осы базарда екенін, 90-100 теңгеге сатып алғанын айтты.

 

 

Картоптың қымбаттауына дефициттің қатысы жоқ

 

Базар директорының орынбасары Бораш Түсіпбаева Астанада картоп жетіспеушілігі мәселесі жоқтығын растап отыр.

 

«Базарда көтерме баға 95-100 теңге. Екі апта бұрын 115-120 теңгеге дейін көтерілген болатын. Қазір бөлшек саудада келісі 125 теңгеден жоғары. Астанада дефицит жоқ. Күн сайын барлық өнімге мониторинг жүргіземіз. Соның ішінде әлеуметтік маңызы бар картоп, сәбіз, пияз, капуста бақылауда тұр. Әр күн сайын мониторинг нәтижесін АШМ-ға, кәсіпкерлікті басқару ұйымына, барлық сауда желісіне жібереміз. Сосын олар салыстырып, сараптама жасап, бағаны өз бақылауына алады», - дейді Бораш Түсіпбаева. 

 

 

Келісі 300 теңге дегендері өтірік

 

Картоп және көкөніс өндірушілері одағының төрағасы Қайрат Бисетаев картоп бағасының көтерілуі төңірегіндегі ажиотаж қисынсыз деп отыр.

 

«Әлеуметтік желіде картоптың бір келісі 300 теңге болды деп жазғандары өтірік. Картоп өндірушілер келісін 75-80 теңгеден сатып жатыр. Жылда қыркүйектің басында ең арзан картоп келеді. Өткен жылдары келісі 25-35 теңге болатын. Бірақ биыл баға қымбаттады», - дейді ол.

 

Ол картоп сорты мен әкелінген жеріне қарай әртүрлі бағада сатылып жатқанын айтады. Мысалы, Ресейден жеткізілген картоптың бағасы - 85 теңгеден басталса, Павлодар картобының бағасы 100 теңгеге дейін сатылады. Себебі...

 

«Павлодар картобын Астанадағы базарларға жеткізетін жүк тасушылар келісіне 8 теңгеден алады. Мұның себебі жанармайдың қымбаттауы. Бізде картоп бар, жеткілікті. Қоймадан максимум 90 теңгеге сатамыз. Ресейден әкелінетін картоп арзан. Себебі оларда қазір егін жинау науқаны жүріп жатыр және қыркүйек-қазан айларында картоптың көп болуына байланысты қоймаларға сыймаған майда картопты бізге арзан бағада сатады» 

 

 

Бағаның өсуіне Өзбекстан да ықпал етіп отыр. Неге?

 

Қайрат Бисетаев елдегі картоп өндірушілер бағаны 90-95 теңгеге дейін көтеретін болса, онда өнімді Пәкістан, Иран, Түркия, Қытайдан сатып алу әлдеқайда тиімді екенін айтты. Десе де, еліміз ішкі нарықты да, сыртқы нарықты да қамтамасыз етіп отыр.

 

«3 вагон, яғни 200 тонна картоп Беларуске жөнелтілмек. Сату бағасы 75 теңгеден басталады. Қазір біз Қырғызстан мен Ресейден аламыз. Қазан соңы мен қараша басында баға түсуі тиіс. Павлодар мен Қарағандыда биыл өнім жақсы жиналды. Өндірушілерде проблема жоқ. Картоп бағасының көтерілуіне Өзбекстанның да ықпалы бар. Себебі ол елде қыркүйекте картопқа сұраныс күрт пайда болып, бізден сатып алды. Соңғы рет Өзбекстанға картоптың келісі 95 теңгеден сатылды. Бірақ қазан айында қоймалар толтырылды. Қазір қоймаларда 500 мың тонна картоп жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер күн сайын белгіленген көлемді сатуға міндеттіміз. Егер мұндай көлемді сатпай, ұстап қалсақ, онда өнім бүлінеді. Картоп өндірушілер өздеріңіз байқағандай бағаны төмендетті, бірақ алып-сатарлар мен қаладағы дүкен, супермаркеттер бағаны түсірмейді», - деп сөзін түйіндеді Қайрат Бисетаев.

 

 

Қазақстанда қанша тонна картоп жиналды?

 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі берген 2017 жылдың 20 қазанындағы жедел мәліметтерге сәйкес, егілген алқаптың 99,8%-ы жиналып, 3,5 млн тонна картоп алынды. Жергілікті атқарушы органдардаң мәліметінше, 2017 жылы картоптың егіс танабы 179,6 мың гектарды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 1,6 мың гектарға кем болды. 2017 жылдың қаңтар-тамыз аралығында республикадан экспортталған картоптың жалпы көлемі 107,4 мың тоннаны құрап, 17,4 млн АҚШ долларына бағаланды. Картоп экспортталған негізгі ел Өзбекстанға 106,6 мың тонна картоп (17,3 млн АҚШ доллары) жіберілді. 2017 жылдың қазан айынан бастап Өзбекстан тарапынан картопқа деген сұраныс күрт төмендеді, себебі өздерінде егін жинау науқаны басталды. Статистика мәліметтеріне сәйкес, маусым-қыркүйек аралығындағы өндірушілер бағасы келісіне 49 теңгеден болды, сонымен қатар, бөлшек сауда бағасы келісіне 162 теңгеден 99 теңгеге дейін төмендеді. 2016 жылдың осы кезеңінде өндірушілер бағасы келісіне 47 теңгеден 45 теңгеге дейін, бөлшек сауда бағасы 106 теңгеден 81 теңгеге дейін төмендеген. Осылайша, былтырғы жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда, өндірушілер бағасының өсімі 8,9%, бөлшек саудада өсім 22% құрады. 

 

 

Ауыл шаруашылығы министрлігі не дейді?

 

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева картоп бағасына қатысты пікір білдірген болатын:

 

«Азық-түліктің негізгі 25 түрімен халықты шамамен 80 пайызға қамтамасыз етіп отырмыз. Өзімізді картоппен де толықтай қамтамасыз ете аламыз. Өнім болмаған жылы өндіріс көлемі төмендейтіні белгілі. Бірақ мұндайда сырттан да өнім әкелініп, нарық өзін-өзі толықтырып отырады. Қазақстан аумағына сырттан картоп алып келген кездер де болған. Бұл бағаны біршама тұрақтандыруға септігін тигізеді. Меніңше, мұндай жайт баға өсіміне әкеп соқтырмауы тиіс. Яғни, картоп қолжетімді әрі ақылға сыйымды бағада сатылады. Ал 300 теңге деген баға қыста да болмайды», - деп мəлімдеген болатын Гүлмира Исаева.

 

"300 теңге деген сөз жалған. Оны сендер ғой айтып жүрген" деп саудагерлердің бірі бұл ажиотажға журналистерді кінәлады.

 

Қорыта айтқанда, өндірушілер бағаны ұстап тұр. Базарда да баға тұрақты. Бар мәселе бөлшек саудада болып тұр.



Дереккөзі: alashainasy.kz

494 рет оқылды
comments powered by HyperComments

Сандар сөйлейді

  • 300-ге жуық

    Елордада ағза алмастыру кезегінде тұрған 297 науқастың үшеу бала, деп хабарлайды

  • 5 мың грант

    «Серпін-2050» бағдарламасы аясында 2017 жылға 5 мың грант бөлінеді

  • 25 пайыз

    Орман шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 25 пайызға көтеріледі

  • 5 мың жолаушы

    Елордада 5 мыңнан астам жолаушы түнгі № 200 бағдарын пайдаланды.

  • 150 кәсіби гид-экскурсовод

    ЭКСПО халықаралық көрмесіне 11 тілді еркін меңгерген 150 кәсіби гид-экскурсовод дайындалған

Мұрағат

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      
JoomShaper