Депутат ауылдарға бөлінген қомақты қаражаттың игерілмей жатқанын ашына айтты

Дүйсенбі, 25 Қыркүйек 2017 16:41
Депутат ауылдарға бөлінген қомақты қаражаттың игерілмей жатқанын ашына айтты

ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутат Нұртай Сәбильянов тендер арқылы қомақты қаражат ұтып алып, жұмысты сапасыз істеген «Еңбек» РМК-нің Семейдегі бөлімшесін сынға алды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

 

«Менің сұрағым «Еңбек» мемлекеттік кәсіпорнының жұмысына байланысты. Менің ойымша, аталған кәсіпорынның материалдық-техникалық жағдайын сөзсіз жақсарту керек. Бірақ осы «Еңбектің» өңірлердегі филлиалдарының істеп жатқан жұмыстарына көңіліміз толмайды. Шындықты айтуымыз қажет. Оларға салықтық жеңілдіктер берілді. Мемлекеттік сатып алулар заңына өзгерістер енгізілді. Бір көзден сатып алу берілді. Осыны олар асыра пайдаланып жатыр», - деді ол.

Осы орайда халық қалаулысы «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі «Еңбек-Семей» филлиалының сапасыз жұмыс істейтінін айтты.

«Мысалы, «Еңбек-Семей» филлиалы. Аягөз ауданы бойынша 150 млн теңгеге 2016 жылы тендер ұтып алған. Яғни кәсіпорын 15 ауылда абаттандыру, жарықтандыру жұмыстарын әрі балаларға арналған ойын алаңдарын тұрғызу бойынша тендерді ұтты. Бірақ мен ол жаққа барып, атқарылған жұмысты өз көзіммен көрдім. Мысалы, Барша ауылын (ШҚО – автор) алайық. Онда ойын алаңы салынған. Алайда ол балалар ойнайтын алаң емес. Тағы бір мысал. Ақши ауылында (ШҚО – автор) жарықтандыру жүргізілген. Бірақ бағаналар құлап жатыр», - деді ол.

Сонымен қатар Нұртай Сәбильянов аталған олқылықтар қайталанбас үшін мемлекеттік сатып алулар туралы заңға өзгерту енгізу керек деген пікірде. Себебі, бұл шалғай ауылдарға 10 жылда 1 рет бөлінетін бюджет қаржысын тиімді игеруге жол ашпақ.

«Сондықтан осындай сапасыз жұмыс жасалғаны үшін мемлекеттік сатып алулар туралы заңды қайта өзгертіп, бір көзден сатып алуды тоқтатуымыз керек. Бұл – менің пікірім. Өйткені, шалғайдағы ауылдарға 10 жылда бір рет мектептерді жөндеуге немесе аулаларды абаттандыруға қаражат беріледі. Егер сол қаржылар тиімді жұмсалмаса, дұрыс пайдаланылмаса соны ұтып алған «Еңбек-Семей» секілді кәсіпорындарға неге біз жеңілдіктер беруіміз керек», - деді ол.

Сондай-ақ, депутат Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа бұл мәселені жеке бақылауына алуды сұрады.

«Қалмұханбет Нұрмұхаметұлы, осы жағына назар аударсаңыз. «Еңбек-Семей» кәсіпорнына істеген бүкіл жұмыстарды өз есебінен қайта жасату қажет. Ана ауылдағы жасалмаған жұмыстарды қайта іске қоссаңыз. Өйткені, ол жақтағы халық атқарылған жұмыстарға ренжулі. Мүмкін әкімдердің арасында осы екеуімен (аталған кәсіпорындармен – автор) байланыс бар шығар.. Мен білмеймін. Осыны өздеріңіз қарап, тиісті нәтиже шығарсаңыздар», - деді Нұртай Сәбильянов.

Өз кезегінде Қалмұханбет Қасымов аталған деректердің болғанын растап, бұл олқылықтарға жол берген басшылардың тиісті жазасын алғанын атап өтті.

«Біз аталған фактілерді анықтадық. Қазір біз оларға өздерінің қолынан келмейтін жұмысты істеуге тыйым салдық. Мұнда олар жұмысты суб-құрылтайшыдан алған. Енді біз оған тыйым салдық. Сондай-ақ, негізгі «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшысын жұмыстан шығардық. Ал 13 басшыны жауапкершілікке тарттық. Әрине, өз қызметін асыра пайдалану дерегі бар», - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.

Айта кетейік, бүгін Үкімет сағатында «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру туралы» тақырыбы талқыланды.

 

Дереккөзі: Baq.kz

 

 

556 рет оқылды
comments powered by HyperComments

Сандар сөйлейді

  • 300-ге жуық

    Елордада ағза алмастыру кезегінде тұрған 297 науқастың үшеу бала, деп хабарлайды

  • 5 мың грант

    «Серпін-2050» бағдарламасы аясында 2017 жылға 5 мың грант бөлінеді

  • 25 пайыз

    Орман шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 25 пайызға көтеріледі

  • 5 мың жолаушы

    Елордада 5 мыңнан астам жолаушы түнгі № 200 бағдарын пайдаланды.

  • 150 кәсіби гид-экскурсовод

    ЭКСПО халықаралық көрмесіне 11 тілді еркін меңгерген 150 кәсіби гид-экскурсовод дайындалған

Мұрағат

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      
JoomShaper