Астанада көшпенділер қалашығы ашылды

Бейсенбі, 06 Шілде 2017 12:57
Астанада көшпенділер қалашығы ашылды

Елорда күнінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін көшпенділер қалашығы есік ашты. Қазақ халқының, оның ішінде көшпенділер өркениетін сипаттайтын қаланы жобаға авторлары «Бозоқ» деген атау берген.

 

Дүйім жұртпен бірге қалашықтың ашылуына Астана әкімі Әсет Исекешев қатысып, қала тұрғындарын бағаналы орданың мерейлі мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Жоба авторы Жандос Қырықбаевтың айтуынша, көшпенділер қалашығын тұрғызуға екі ай бойы жұмыс істеген. Аталған кешен үш ай бойы – 10 қыркүйекке дейін елорда тұрғындары мен меймандары үшін жұмыс істейтін болады. Таңертеңгі сағат 10.00-ден кешкі 22.00 аралығында «Бозоққа» келген қонақтар салт-дәстүр мен тарихтан сыр шертетін театрландырылған көріністерді тамашалай алады.

«Көпшілік көшпенділердің тұрмыс-тіршілігін таныстыратын осындай кешендерді этноауыл деп атайды. Меніңше ол дұрыс емес. Біздің ата-бабаларымыз тек ауылда тұрды деп кім айтты? Орта ғасырда қазақ даласында қаншама қалалар болған. Сол себепті, біз кешенді «Бозоқ» көшпенділер қаласы деп атадық. Күн сайын бұл кешенде түрлі мәдени шаралар мен театрландырылған қойылымдар өткізіледі», - деді медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында көшпенділер қалашығы жобасының авторы әрі жетекшісі Ж.Қырықбаев.

Сондай-ақ қалашықтың ішінде түрлі көрмелер мен жәрмеңкелердің ұйымдастырылатынын да айтты. Ісмерлер мен ұсталардың қолынан шыққан тұрмыстық жабдықтар мен зергерлік және тұрмыстық бұйымдар сатылымға қойылды. Сондай-ақ ақ жаулықты әжелер мен он саусағынан бал тамған ісмерлер жиналғандарға ұлттық бұйымдарды жасаудан шеберлік сыныптарын өткізеді.

Көшпенділер қаласының ашылу салтанатына халықпен бірге Астана әкімі Әсет Исекешев қатысып, жиналғандарды елорда күнімен құттықтады.

«Құрметті Астана қаласының тұрғындары және қонақтары! Баршаңызды Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Барлықтарыңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Әрқашанда қуаныш пен сәттілік баулап жүрсін. Астанамыз көркейе берсін. Мереке құтты болсын!», - деді елорда басшысы өз сөзінде.

Сонымен бірге өз құттықтауында жаңа елорданың негізін қалаушы әрі авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін тілге тиек етті.

«Астана халқымыздың мүмкіндігі мен еліміздің жаңаруының символы болып табылады. Осы күндері елордамызда екі мыңнан астам түрлі мәдени-бұқаралық шаралар өтіп жатыр. Барлық саябақтар мен гүлзарларда, қаланың шет аудандарында мерекелік концерттер мен фестивальдер, түрлі шоулар өткізіліп жатыр. Мұнын барлығы қала тұрғындарының мерекені сезінуі үшін жасалды. Өйткені, бұл мереке жалпыхалықтық мейрам. Оны тек елордада ғана емес, еліміздің барлық аумағында кең ауқымда тойлануда. Осыған орай барлықтарыңызға тек жақсылық, бақыт пен амандық тілеймін», - деді Ә.Исекешев ақжарма тілегін түйіндей келе.

Астана әкімі кешеннің аумағындағы қайнаған тірлікпен танысып, мерекелік қойылымды тамашалады. Бірі жүн түтіп, бірі ұршық иіріп отырған ісмер әжелердің орындауындағы әнді тыңдап, құрметін білдірді. Тіпті, шеберлер жәрмеңкесіне барып, естелікке ұлттық нақыштағы кәдесыйды сатып алды. Ақшаңқай үйге бас сұғып, ұлттық тағамнан да дәм татты.

186 рет оқылды
comments powered by HyperComments

Сандар сөйлейді

  • 300-ге жуық

    Елордада ағза алмастыру кезегінде тұрған 297 науқастың үшеу бала, деп хабарлайды

  • 5 мың грант

    «Серпін-2050» бағдарламасы аясында 2017 жылға 5 мың грант бөлінеді

  • 25 пайыз

    Орман шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 25 пайызға көтеріледі

  • 5 мың жолаушы

    Елордада 5 мыңнан астам жолаушы түнгі № 200 бағдарын пайдаланды.

  • 150 кәсіби гид-экскурсовод

    ЭКСПО халықаралық көрмесіне 11 тілді еркін меңгерген 150 кәсіби гид-экскурсовод дайындалған

Мұрағат

« Шілде 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          
JoomShaper